+7 727 244 54 77

СМИ о нас

Kazygurt trail: Оңтүстікте ерекше спорттық шара өтті

Өткен мерекелік демалыс күндері кеме қалған Қазығұрттың бойында «Home Credit Kazygurt trail» шарасы өтті. Спортты серік еткен жандар жыл сайын скайраннинг, яғни тауға қарай жүгіру жарысын асыға күтеді. Дәстүрге айнала бастаған шараның ауқымы артып, қатысушылар саны көбейіп келеді. Тіпті осы шара үшін шетелден де келетіндер бар. Салауатты өмір салтын насихаттайтын шараға биыл 7kun.kz тілшілері куә болды.  


Таң атып, көкжиектен күн көрінісімен қатысуға тіркелгендер межелі жерге жиналып, автобуспен, жеңіл көлікпен Қазығұрт тауына қарай бет алды. Қатысушылардың бәрі бір-бірін бұрыннан танитын адамдар секілді, көңілді. 

 


Бұл шараға екі жыл бұрын қатысқанмын. Әрине, басты мақсат орын алу емес. Өз мүмкіндігіңді, күшіңді сынап көру. Тегіс жерде жүгіру басқа, ал тауға қарай өрлеп жүгіру басқа. Жарты жолға жеткенде екі аяғың талып, күшің сарқыла бастайды. 3 шақырым жап-жақын көрінгенімен, бірте-бірте оның алыстап бара жатқанын байқайсыз. Бір қуантатыны, бұл жүгіріс барысында танымайтын адамдардың өздері бір-біріне қол ұшын созып, бір-бірін демеп жүреді. Бұл шара тек жүгіру ғана емес, адамдардың бір-біріне мейірімін, сенімін оятады. Осылайша, таудың биік нүктесіне қалай жеткеніңізді де байқамайсыз. Алдыңғы жылғы нәтижемді биыл жақсартатыныма сенемін, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жанель Тұйғынбаева. 


«Хоум Кредит Банкі» бас демеушісі болған скайраннингке Шымкент, Алматы, Тараз, Павлодар, Түркістан қалаларынан 200-ге жуық адам қатысуға ниет білдіріпті. Олар «Sprint» 3 және «Тrail» 20 шақырым бойынша сынға түсті. Сағат тілі 11.00-ді соққанда «Старт» берілді. 


Қазығұрт тауының ең биік нүктесі 1768 метр. «Sprint»-ке қатысқандар таудың батыс бөлігімен 2,5 шақырым жүріп, 600 метр биікке көтерілді. Жарыс жеңімпаздары жас ерекшеліктеріне қарай анықталды. 


Ал 20 шақырымдық жарыс жолында бірінші орынды бельгиялық азамат Полгар Тивадар жеңіп алды. Оның нәтижесі 2 сағат 16 минут 10 секунд.

 


Мен саяхатшымын. Әлемнің 80-нен астам елінде болдым. Екі-үш айдан бері Шымкентте өмір сүріп жатырмын. Тауға шыққанды ұнатамын, жүгірумен айналысамын. Жарыс жақсы ұйымдастырылған. Адамдар бір-біріне көмек қолын созуға даяр. Қазығұрт тауының биігінен айнала өте әдемі көрінеді екен. Енді келесі жарысқа дайындаламын, – дейді Полгар Тивадар. 


Ал екінші орынды алматылық Вадим Винокуров (02:21:34), үшінді орынды павлодарлық Асұлан Жұмағалиев (02:32:49) иеленді.


Қыздар арасында ресейлік Наталья Нещерет бірінші болып келді. Оның нәтижесі 2 сағат 32 минут, 19 секунд. Алматылық Катя Харамоваға екінші, шымкенттік Айдана Түлкібекке үшінші орын бұйырды. 


Қатысушылардың бәріне арнайы естелік медаль тапсырылды. Бұдан кейін қатысушылар табиғат аясында пісірілген дәмді палаудан дәм татып, арқан тартысудан, кір тасын көтеруден жарысып, бір-бірін құттықтап, арқа-жарқа боп тарқасты. 

 

Источник: 7kun.kz

 

 

 

Поделиться
Отправить
Отправить